02.05.2019
АҚШ пен Орталық Азияның жетекші сарапшылары маусым айында Алматыға келеді

30 сәуір күні Go Viral фестивалінің ұйымдастырушылары биыл фестивальде қандай тақырыптар қозғалатынын, ең көп күтілетін спикерлердің кім екенін және не себепті Go Viral 2019 маусым айында Алматыдағы ең маңызды оқиғаның бірі болатынын айтып берді.

Баспасөз мәжілісін аша отырып, Алматыдағы АҚШ Бас Консулдығының өкілі Шэннон Хилл Go Viral-ға барудың басты 5 себебін ұсынды:

Ақпарат: фестиваль қатысушылары бизнесті дамыту, аудиториямен дұрыс қарым-қатынас құрудың қыр-сырларын үйренеді. Шабыт: фестиваль спикерлері өздерінің табысқа қалай жеткендерін әңгімелейді. Нетворкинг: Go Viral – пікірлесу орны, спикерлермен ғана емес, қатысушылар өзара ой алмасып, байланыс орната алатын орта. Бірлесу: фестивальда қарым-қатынастың үйреншікті жолдары мен бизнес-процесстерді өзгерте алатын үлкен идеялар туындайды. Көңіл көтеру: Go Viral – еркіндік пен шығармашылық орнаған, дарынды топтар мен музыканттар өнер көрсететін фестиваль.

Қазақстандық инновацияларды жаһандандыру үшін не қажет? Жасанды интеллектті қолдана отырып, бизнесті қалай жүргізу керек? Технологиялар секциясының сарапшылары осындай қиын сұрақтарға қарапайым жауаптар беретін болады. Секция кураторы Алим Хамитовтың айтуынша, технологиялар өмір парадигмасын бүгіннің өзінде өзгертуде, сондықтан Орталық Азия қуып жетуші емес, жетекші аймақ болсын десек, оған дайын болуымыз керек. Сол себепті, секция спикерлерінің ішінде Джим Уилт пен Татьяна Канзавели секілді сарапшылар бар. Олар жасанды интеллект пен блокчейнді қолданып компания құру, немесе дәстүрлі бизнесті заманауиға алмастырудың жолдары туралы айтып береді. Джим – сандық трансформация саласында жиырма жылдық тәжірибесі бар, T-Mobile және Microsoft компанияларында жұмыс істеген сарапшы. Татьяна – тәжірибелі кәсіпкер және инвестор, 500Startups акселераторының тәлімгері.

Бизнес секциясының кураторы Венера Жаналинаның сөзінше, секцияның басты тақырыптарының бірі – әлемді кезіп отырып, кез келген жерден жұмыс істей алу қабілеті, яғни «сандық көшпенділік» болмақ. Тарих тұрғысынан Қазақстанға дәстүрлі көшпенділік тақырыбы жақын болса, танымал американдық журналист Рольф Поттс Алматыға келіп, өз тәжірибесімен бөліседі: Рольф 60-тан астам елге саяхаттап, National Geographic, The New Yorker, The Guardian басылымдары, Travel арнасы және басқа танымал басылымдар үшін репортаждар жасаған. Ол - Vagabonding: An Uncommon Guide to the Art of Long-Term World Travel деп аталатын өз бетімен саяхаттау этикасы жайлы бестселлердің авторы. Секцияда, сондай-ақ, әйел кәсіпкерлігі тақырыбына көңіл бөлінетін болады. Оған қатысатын спикерлердің бірі қазақстандық Алена Ткаченко – краудфандинг жолымен $90 мың жинаған Nommi жобасы үшін Forbes-тың Азиялық «30-дан жас 30» рейтингіне қосылған кәсіпкер.

Медиа секциясы қамтитын негізгі тақырыптар – мәліметті тексеру, сандық маркетинг, визуалды безендіру немесе контентпен және әлеуметтік желілермен жұмыс жасау. Секция кураторы Камила Жусупова атап өткендей, ол тақырыптар мен спикерлерді таңдау кезінде қазіргі кезде «қызу» үрдіске айналып үлгерген тақырыптар мен подкастинг сияқты жаңадан бет алып келе жатқан, болашақта медиа нарығын өзгертетін жаңа үрдістерді қатар алып отырған. Instagram-дағы белсенділікті арттыру жолдары мен медиа секциясындағы өзекті визуалды шешімдер жайлы Нью-Йорктан келген дербес фотограф және экспериментатор Джон Смок айтып береді. Джон Associated Press пен SIPA Press, The New York Times Magazine, Paris Match басылымдарында жұмыс жасаған. Дербес журналист және медиа-технолог Самаруддин «Сэм» Стюарт журналистерге материалдарының сапасын жақсартып, мәліметті тексеруді үйрететін Google News Lab өнімдер бойынша воркшоп өткізеді. Фестиваль қатысушылары Орталық Азияның атақты блогері Эльдана FourEyes Сатыбалдиевамен кездесіп, оның блоггинг және вайндар туралы ойын тыңдай алады.

Мәдениет секциясында шығармашылық мамандық иелері жаңа технологияларды өз шығармашылық жобаларын жасауда, халыққа танытуда қолдану туралы білетін болады. Сектор кураторы Виктор Немченконың айтуынша, АҚШ-тан шақырылған ең танымал спикерлердің бірі – Майк Фишер, интерактивті ойын-сауық саласында тәжірибелі жоба басқарушы маман. Amazon, Microsoft компанияларда басқарушы лауазымдарда болған. Қазақстандық спикерлердің бірі – Эрнар Құрмашев, көптеген киножобалардың продюсері, Astana Film Fund негізін қалаушылардың бірі, Almaty Film Festival фестивалінің бас продюсері. Фестивальға сондай-ақ қазақстандық продюсер, сценарист және режиссер Жанна Исабаева қатысады. Секция бағдарламасында American Film Showcase ғылыми-көпшілік фильмдерінің фестиваль үшін арнайы аударылған топтамасы көрсетіледі.

Жалпы, ұйымдастырушылар фестивальда АҚШ пен Орталық Азиядан 50-ден астам спикер келеді деп уәде берді. Спикерлердің толық тізімі Go Viral 2019 сайтында толықтырылып отырады.

 

БАҚ-қа арналған қосымша ақпарат, фото мен бейнематериалдар, сондай-ақ баспасөз хабарламалары пресс-орталыққа салынған.

 

Сұрақтар немесе спикерлермен сұхбат бойынша:

Кәмшат Төлеулиева, Баспасөзбен байланыс, АҚШ Бас Консулдығы

MediaAlmaty@state.gov  | WhatsApp/моб. +7 777 227 44 16